Атыңыздың затын білесіз бе?

Халқымызда «балаңның атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген аталы cөз бар. Демек, қазақ балаға ат қоюға ежелден ерекше мән берген ел. Атына заты сай болсын деген пейілмен бір бала өмірге келсе әуелі атын даналап ізгілік шақыратын Аллаһтың есім сипаттарын, пайғамбарлардың, даналардың, патша, көсемдердің, батырлардың аттарын тіке және жанай оған есім етіп көп қойған.

Мәселен, Әбділдә, Абдолла (Аллаһтың құлы), Ғалым, Әбдәлім, Әлімбай (Аллаһтың Әл-Ғалым – ғалым сипаты), Әзімбай, Әбләзім (Оның Әл-Ғазим – ұлы сипаты), Әуелқан, Әуелбек (Оның Әл-Аууал – ең әуелгі немесе басталған жері жоқ сыйпаты), Әбджәміл, Жәмилә (Оның Әл-Жамил – көркем сыйпаты), Саттар, Әбсаттар (Оның Әс- Саттар – жабушы сыйпаты), Патық, Пәтіхан, Пәтиха, Фәтхоллаһ (Оның Әл-Фаттах – ашушы сыйпаты), Кәбір (Оның Әл-Кәбир – аса ұлық сыйпаты), Қаһар (Оның Әл-Қаһһар – қаһарлы сыйпаты), Хаким, Әбдкәкім (Оның Әл-Хаким – дана сыйпаты), Әбдәкбар, Әкбар (Оның ең Ұлы Әкбар сыйпаты), Әбдрахман, Рахман, Рахманқұл (Оның Әр-Рахман – аса қамқор сыйпаты), Рахим, Рахымжан, Райымбек, Әбдрайым (Оның Әр-Рахим – ерекше мейірімді сыйпаты), Құдыс (Оның Әл-Құддұс – қасыйетті сыйпаты), Ғабит, Ғабиден (Оның Әл-Қабид – шектеуші сыйпаты), Әбдразақ (Оның Әр-Разақ – рыздық беруші сыйпаты), Әбдмәжит, Мәжит (Оның Әл-Мәжид – даңықты һәм игілікті сыйпаттары), Хапез, Хафиз (Оның Әл- Хафиз – сақтаушы сыйпаты), Әбдмәлік, Мәлік (Оның Әл- Мәлик – патшалық сыйпаты), Жәлел, Әбджәлел (Оның Әл-Жалил – айбынды сыйпаты), Рақыпжан, Рақып (Оның Әр-Рақиб – бақылаушы сыйпаты), Алмат (Оның Әл-Матин – мейлінше мықты сыйпаты), Мұқит (Оның Әл-Мұқит – асыраушы сыйпаты), Ахат, Әблахат (Оның Әл-Ахад – жалғыз сыйпаты), Сәмет, Сәмит, Самат, Әбдсамат (Оның Ас-Самат – мәңгі өзгермейтін сыйпаты), Хамит, Әбдхамит (Оның Әл-Хамид – мақтаулы сыйпаты), Әбдрашит, Қабдеш, Әбдеш, Рашит, (Оның Әр-Рашид – жетелеуші, дұрыс жолға бастаушы сыйпаты), Сабыр, Сабырхан (Оның Ас-Сабур – сабырлы сыйпаты), Шәкір, Шүкір, Әбдүшкір (Оның Әш-Шәкүр – қанағатшыл сыйпаты), Халым (Оның Әл-Халим – кеңпейілді сыйпаты), Әбдуахап, Уахап (Оның Әл-Уаһһаб – сыйлаушы сыйпаты), Нығмет, Нығетолла (Оның Әл-Маниғ – тыюшы, бергісі келсе беретін, тиғысы келсе тиятын сыйпаты), Халық, Әбдхалық, Әбдхал (Оның Әл-Халиқ – жаратушы сыйпаты), Уәли, Уәлихан, Әбдуәли (Оның Әл-Уәли – билік иесі, дос сыйпаттары), Әділ, Әділбай, Әділбек, Ғадылбек (Оның Әл- Ғадил – әділ сыйпаты), Латип, Ләтифа (Оның Әл-Ләтиф – ілпипатты сыйпаты), Шейтқазы, Шәдетхан, Шәйзада, Шәкиза (Оның Әш-Шәһид – куәгер сыйпаты), Тоқай, Ақай, Мұхай, Әбіхай, Әбдхай, Шохай, шахай (Оның Әл-Хайи – мәңгі тір сыйпаты), Мұхидин (Оның Әл-Мұхий – өмір сыйлаушы сыйпаты), Жапар, Әлжапар, Әбджапар (Оның Әл-Жаббар – ерекше қуатты сыйпаты), Қайым, Әбдқайым (Оның Әл-Қаййум – тұтас меңгеруші сыйпаты), Ғапу, Ғафура (Оның Әл-Ғафу – кешіруші сыйпаты), Қадыр, Әбдқадыр, Қадырғали (Оның Әл-Қадир – күші жетуші сыйпаты), Әбдмомын (Оның Әл-Мүһмин – сенімді, қауіпсіз сыйпаты), Ғазез, Әзен, Әбдәзез (Оның Әл-Ғазиз – аса зор, құдіретті сыйпаты), Әдбғаппар, Ғаппар, Қапар, Ғабдолла (Оның Әл-Ғаффар – кешірімді сыйпаты), Нұр, Әлнұр, Нұртілеу, Нұрәлі, Нұрсұлтан, Нұржәйна, Нұрай , Нұрданбек, Нұртөре, Нұрғали, Нұргүл, Нұрсара, Нұрғазы (Оның Әл-Нұр – нұр, жарықтандырушы сыйпаты), Керім, Кәрім, Әдбкәрім, Шәкәрім (Оның Әл-Кәрим – жомарт сыйпаты), Ғали, Ғалия, Әлия, Қалиқан (Оның Әл-Ғали – мейлінше биік, жоғары сыйпаты), Әбдғани, Ғани, Ғайни (Оның Әл-Ғаний – бай сыйпаты), Жәмиға (Оның Әл-Жәмиғ – көпшіл сыйпаты), Бағыс (Оның Әл-Бағис – тірілтуші сыйпаты), Зәкір, Зәкіш, Зәкен, Зекен (Оның Әз-Зәһир – айқын, көрнекті сыйпаты), Кәмәл, Кемел, Әбдкәмәл, Кәмілжан (Оның Әл-Кәмил – толық кемел сыйпаты), Шәпиқ (Оның Әш-Шәфиғ – шыйпа беруші сыйпаты), Қауида (Оның Әл-Қауий – ерекше күшті, жеңуші сыйпаты). Міне, бұлар Аллаһтың сыйпат есімдерімен қойылған аттар.

Ал, Әліп, Әліпбек, Ясын, Ясынжан, Ясынбек, Ғизат, Ғизатолла, Үрім, Үрімжан, Фадли, Нағбуду, Сәт, Жәзира, Жақұт, Маржан, Қажыбек, Қажығали, Қажымұрат, Қажы `(қаж), Кәусар (Жәннат бұлағы), Кап (кәһф – үңгір), Халифа (ізбасар), Нәжмиден (жұлдыз), Сағатбек, Сағатқан, Сағат, Уақыт (мезгіл), Зуха (сәске), Әбунасыр, Насыр (жәрдем), Гүлниса, Ниса (әйел), Әсмә, (есім), Фәтиха (ашқыш), Кәлима (сөз), Сәбилә (хақ жолында), Тиын (әнжұр), Мәрфуға (биік), Ықылас (пейіл), Нақылбек, Нахыл (бал арасы), Әнбиә (пайғамбарлар), Райхан (гүл), Сажида (бас бою), Шұра (кеңес), Тұар,Тұрарқан, Тұрды, Тұрдақын, Тұр (тау аты), Ықсан (жақсылық), Нысанбек (адамзат), Асқар (таң сәрі), Ұнзилә (түсу). Міне, бұлар Құран сұрелері мен аяттарына қарап қойылған есімдер.

Ал, Адам, Адамбек, Мұса, Мұсахан, Мұсабек, Айса, Қайса, Айып, Қайып, Сәлих, Сәлиха, Шәшке(ин), Ыдырыс, Ибраһим, Ыбырай, Ысқақ, Ысқақбек, Жақып, Жақыпжан, Жақыпбек, Жүніс, Жүнісқан, Жүнісбай, Жүнісбек, Жүсіп, Нүсіпжан, Иұсуп, Жүсіпбек, Ұлыхпан, Ұлықбек, Дәуіт, Ауыт, Дәуітбай, Дәуітәлі, Зәкәрия, Жақия, Яқия, Жақай, Иса, Исатай, Йсаділ, Смайыл, Сымағұл, Сымақ, Сүлеймен, Қызыр, Қызырхан, Қызырғазы, Ілияс, Ілия, Ілияр, Нәби, Нәбижан, Ескендір, Зұлкапіл, Зұлхарнай, Нәбиолла, Мұрсалбек. Міне, бұлар пайғамбарлардың аттарына, пайғамбарлық дәрежелеріне еліктеп қойылған есімдер.

Ал, енді Мұхамет, Мұхамбет, Мұхаметәлі, Мұхамәдия, Мұқаметжан, Махмұт, Махамбет, Мәмбет, Әблмәмбет, Мұқан, Мүтән, Мұқат, Мұқаш, Мұқыш, Ахмет, Ахметжан, Расұл, Мұстафа сияқты есімдер Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) есімін тіке және тергеп қойылған есімдер.

Абдолла, Әбу, Әбутәліп, Мүтәліп, Хадиша, Балхадиша, Айша, Айшахан, Қайша, Зейнеп, Гүлзейнеп, Әмина, Минәш, Фәтима, Бүбі, Бүбіш, Қасым, Қасымқан, Хасан, Хасенхан, Құсайын, Әсия, Ажар, Сара, Гүлсім, Мәриям, Зылиха, Балқия, Мәймұна, Рухия. Міне, бұлар пайғамбарлардың әке-шешелерінің, туысқандарының, балаларының, қыздарының, әйелдерінің атына қарап қойылған есімдер.

Ал, Әбубәкір, Әубәкір, Омар, Омархан, Омарбек, Оспан, Оспанхан, Құмар, Әли, Әлия, Әлихан, Қали, Қалибек, Мұртаза, Біләл, Құсман, Сейт, Сейдәлім, Мүтәліп, Қанапия, Ханипа, Зүбәйра, Мағауия, Нұғман, Қамыза, Ғаппас, Зайт, Мақсұт, Оқас, Сәдуақас. Міне, бұлар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабалары мен тәбиғындарының (сахабаларды көргендер) есімдеріне сай қойылған аттар.

Ал, Нұрпейіс, Бейісхан, Жәнат – Жәннат бақшасының, Мәлике – періштенің, Ләйлі, Ләйлә – түннің, Шәміс, Шәміл, Шәмшә, Шәмсия – Күннің, Қамар, Қамария, Қамаш – Айдың, Мәди, Мәден, Мәдениет, Мәдина, Дина – пайғамбар қаласы Мединенің аты бойынша қойылған есімдер болса, Абыл, Абылай, Қабыл, Қабылқақтар Адам атаның тұңғыш ұлдарының аттарына сәйкес қойылған есімдер.

Ислам, Сіләмбек, Сіламхат, Тінәлі, Ділман деген аттар дініміз Исламның атына қойылған есімдер болса, Мүсілим, Момын, Пұсырман, Жамағат атты есімдер дінімізге сенуші қауымның атына қойылған есімдер.

Ал, Иманбек, Имантай, Иманәлі, Нұриман, Нариман, Иманжүсіп сияқты аттар дініміздің сеніміне қойылған есімдер.

Ал, енді Мәуліт, Мәулітқан, Мәулен, Мәукен атты есімдер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келу күніне (мәуліт күніне) орай қойылған есімдер.

Ғұбайдолла, Байдолда, Байділдә, Мекемтас, Мекемгүл атты есімдер Аллаһтың жердегі үйі (жер бетіндегі тұңғыш үй) – Бәйтұллаһтың немесе Кәғба мен Меккенің атына қойылған есімдер.

Мүбәрәк – Аллаһ есімдерін қастерлеу мәнде қойылған есім.

Мүнәуар, Мінуәрхан – Мединедегі Пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің атына қойылған есімдер.

Пердаус, Нағым, Нағима нағым Жәннатының, Раян, Рая раян Жәннатының, Ғаден, Қаден, Кәден ғадин Жәннатының аттарына еліктеп қойылған есімдер.

Ал, Разия, Мәрзия, Кәмила. Бұл есімдер иманда кемелдікке жеткен нәпсінің (меннің) атына қойылған есімдер. Мәселен, Разия – Аллаһқа риза болғандардың нәпсі тәрбиесінде жеткен дәрежесі. Мәрзия – Аллаһ Тағала оларға риза болғандардың мәртебесі. Ал, Кәмила – рухани жоғары дәрежеге жеткен нәпсі аты.

Зүлпақар, Бұхар, Бұхарбек – қылыш атына қойылған есім.

Барат, Баратбек – қасиетті түн атына қойылған есімдер.

Аршын, Қаршымбай (арш, ғарш) – жеті қабат аспаннан ары қарайғы Аллаһтың аршысының атына қойылған есімдер.

Махфұз – екі әлемнің тағдыры жазылып қойылған ғаршыдағы Лаухул-Махфұз атты ұлы кітаптың атына қойылған есім.

Зұһра, Дінзұһра, Шолпан – екі арсыздың зина жасау талабына көндей, Аллаһтан медет тілеп шолпан жұлдызына айналып кеткен діндәр ананың атына қойылған есімдер.

Аллаберген, Тәңірберген, Құдайберген, Жарылқапберді, Құдыяр деген есімдер Жаратушысына шүкір ету мағынасында қойылған есімдер.

Әбді (құл). Міне, бұл ат Жаратқан Иесіне құл болсын деген мәнмен қойылған есім.

Намазәлі – бес намаздың құрметіне қойылған есім.

Сыдық – сенімді болсын деген тілеу мәнде қойылған есім.

Рамазан – ораза айының атына қойылған есім. Сөздік мәні ысу, қызу дегенді білдіреді. Ораз, Оразбек, Оразқан, Оразәлі, Оразбай, Оразамбай, Оразгүл сынды тыйылу мағанасын беретін аттар да қасиетті Рамазан (ораза) айына байланысты қойылған есімдер. Ережеп, Шағбан да солай ай аттарына қойылған есімдер.

Назар. Қазақ бұл сөзді бір нәрсеге ықыласты аудару мәнінде түсінеді. Бірақ, бұл сөздің араб тіліндегі шынайы мағанасы көз, көз салу, қарау дегенді білдіреді. Сондықтан да Назар, Назарбек, Назарбай, Қайназар, Байназар деген аттар – айналасына қарасын, көз салсын деген тілеу мәнде қойылған есімдер болмақ.

Жұмабек, Жұмәділ, Жұмәлі, Жұмақан, Жұмаш, Жұман, Дүйсен, Дүйсенбі, Дүйсенбай, Бейсембі, Бейсембек, Сейтек, Сейсембек, Сәрсембі, Сәрсембек, Сәрсенәлі, Сембай, Сембек, Жексенбі, Жексен, Жекен, Жексенбей. Міне, бұлар апта аттарына қойылған есімбер. Оның мәні мынада, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аллаһ Тағала жерді сенбі күні, ондағы тауларды жексенбі күні, ағаштарды дүйсенбі күні, барлық жаманшылықты сейсенбі күні, нұрды (жарықты) сәрсенбі күні жаратты. Бейсенбі күні мал-хайуандарды таратты (жаратты), Адам атаны (ғ.с) жұма күні түстен кейін жаратты. Адам (ғ.с) күндіздің соңғы бөлігінің аср (екінді намазы) мен түннің (ақшамның) аралығында жаратылған соңғы жаратылыс болды» деген. (Хадис Мүслинен)

Айт – мереке деген сөз. Айт, Айтбек, Айтбай, Айтақын, Айтан, Айтгүл. Міне, бұл аттар мереке дегенді білдіретін есімдер.

Құрбан – Хаққа жақындау дегенді білдіреді. Демек Құрман, Құрманғазы, Құрманғали, Құрманәлі, Құрманбек, Құрманбай, Құрмаш атты есімдер балаға Хаққа жақын болуынан үміттенуден қойылған есімдер.

Серік, Серікбай, Серікбол, Серікболсын – ширік – ортақ дегенді білдіретін есімдер…

Ескерту: Әбдрасұл, Әбдахмет, Әбдмүтәліп, Әбдібек, Әбдқұл, Әбдманат. Міне, бұл есімдер жақсы ниетпен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кімнің есімі Аллаһтың сыйпат-есімдерімен аталса сөзсіз оның алдына «әбд(құл)» сөзі қосылсын (мақаламыздың басындағы бірінші мысал тұтасымен Хақ Тағаланың сыйпат-есімдері, сондықтан ол есімдерді өздеріне ат еткендер есімдерінің алдына «әбді» сөзі қосылмаса қоссын)» деген хадисын іске асыру мақсатында қойылған есімдер екені даусыз. Бірақ, бұл есімдерді балаға ат етіп қоюшылар әбді сөзінің артына жалғанған расұл, ахмет, мүтәліп, бек, құл, манат сынды сөз-атаулардың Аллаһтың есім-сыйпаттары емес, керісінше расұл – елші, ахмет – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір есімі, мүтәліп – шәкірт, бек – әкім, құл – құл, манат – пұт құдайдың аты екенін білмей шатасқан, шатасып та жүр. Бұл есімдер бойынша Әбдрасұл – Аллаһтың емес елшісінің құлы, Әбдахмет – Ахметтің құлы, Әбдмүтәліп – шәкірттің құлы, Әбдібек – әкімнің құлы, Әбдқұл – құлдың құлы, ал, Әбдманап болса – манат атты пұт құдайдың құлы болып қала бермек.

Құранда құлдық тек жаратушы Иеге ғана болуы керек екендігі ашық айтылған. Оқыңыз: «Ей, адамзат! Өздеріңді және өздеріңнен бұрынғыларды жаратқан Раббыларыңа (ғана) құлшылық етіңдер» (2:21). «Сендердің Құдайларың бір ғана – Аллаһ! Одан басқа құдай жоқ. Ол асқа қамқор, ерекше мейірімді!» (2:163).

Жоғарыдағы есімдер міне осы аят жеткізіп тұрған Иллаһи қағидаға қайшы. Жалпы Аллаһтан басқаға немесе Оның жаратқандарына құл болу адамды діннен шығармақ. Тіпті адамның сенімі Тәңіріне берік болса да, оның есімі белгілі бір жаратылғанға құлдығын білдіріп, өз аты аталған сайын Аллаһты емес, әлгі бұтты, пендені зікір етіп (еске алып) тұрса, ол есім иесіне Жаратқанның ашуын шақырып тұрмақ.

Бұлардан тыс Апырым, Пірімбек сынды есімдер – Хақты «бір» деуден емес, Оның жаратқанын «пір» деп білуден, Перизат – жынның ұрғашысын ардақ тұтудан қойылған есімдер. Зина(ойнас), Зинагүл, Зинахан, Зинаш деген есімдер де әйелдерге, қыз балаларға өте қате қойылған, түсінген адам естіген жерден бетін баса қашатын, «ондайдан сақта» деп Тәңіріне тауба келтіретін жат есімдер.

Ал, Шәрбән, Шәрбәну деген есімдерге келер болсақ, ондағы шәр – жамандық, бәну – баласы деген мәнді білідіріп, тұтастай алғанда Шәрбәну – жамандық баласы деген есім болып шығады. Халқымызда «шайтанның шәрінен сақта» деген сөз бар екенін бәріміз білеміз. Гүлнәр да дұрыс есім емес. Нәр – от. Жаратқан Иеден «оттан сақта» («Аллаһумә әжрни минәннәр») деп дұға қылу Хақ рахымынан үміттінің бәрінің міндеті.

Әзіл – әзәзіл деген ібілістің бір атынан шыққан сөз екенін ескерте келе, Әзілбек, Әзілхан деген есімдерді де өзгерткен жөн деген өтініш білдіргіміз келеті есім иелеріне, Аллаһтың ризасы үшін, достық пейілмен.

Ал, Азар – Ибыраһим (ғ.с) пайғамбардың әкесінің аты. Ылғи бұт құдай жасаумен айналысқан, хақ дінді қабылдамаған адам. Тіл алмайтын жаһил болған. Қазақ тіл аймайтын адамды, баланы «тілазар» деп осы Азардың атымен жеккөрген, атаған.

Жалпы балаға ат қою туралы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен даналықта: «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» делінген. (хадис Ибн Аббас арқылы Байһақадан жеткен).

Ендеше балаларымызға игі, дана, жақсы ат қоя білейік Һәм кейбір мәнсіз, қате қойылған өз есімдерімізді де өзгертіп, нұрлы ат қоялы, ағайын!

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Оцените статью
Добавить комментарий