Бекболат Тілеухан: Күмәнім бар. Үмітім басым.

Бекболат ТІЛЕУХАН: “Амал достық” һәм Алаштың амандығы

Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ хақында. Одақ жайлы қайсыбір сарапшыларға құлақ салсаңыз, орыс келіп, қазақ барып, өріс кеңіп, ғажаптанып, шала жарылқанбақ екенбіз. Енді біразының салы суға кетіп, қара аспанды төндіріп, қайтадан ұлың – құл, қызың – күң болардай күйрек байбаламға басып жатыр. Қалай дегенде де, ұлт тағдырындағы аса маңызды осы бір талайлы кезеңде қоғамның дабыл қағуы заңды құбылыс. Әмбе, қажеттілік!

Ақыл алтау, ой жетеу. Екіұдай сезім. Сезімнен гөрі суық ақылмен тарих-шалдың өзіне жүгінген ләзім. Не істемек керек?

Ең бастысы, ең маңыздысы, әрине, САБЫР!

Қашан да байбалам (паника) шатаққа бастап, ашу – орға жыққан. Бірімізді біріміз қоздырып, ойбайға аттан қосқан алқамсыздықтың түбі арандап қалуға апарары анығын білейік, ағайын. Қытығыңа тиген құр байбалам байыбыңнан айырып, құрдымға итермесіне кім кепіл?!

Рас, осы одақтан шекеміздің шылқи қояры да әзірге көрініп тұрған жоқ. Бірақ күйреп қалардай да ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Рас айтам.

Біріншіден, бүгінгі Ресей баяғы қаһарлы, жаһанды жайпардай азуы алты қарыс, империялық қуаты орасан Ресей емес. Батыс тараптан бәлендей санкция болмай-ақ, Ресей экономикасының халі мүшкіл. Ресей – шығыстағы көршімізден тура он есе аз екенін ескерсек етті. Ұлттық санамыз сілкінген кейінгі жылдардағы қазақ пен орыстың демографиялық дамуына назар салсаңыз дер едім. Және ұмытпаңыз, Ресей – көпұлтты федерация. Оның құрамында тарихи санасы серпілу үстіндегі, басын ноқтаға сыйдырмасқа қам қылған, асқақ, табанды, шақар қаншама ұлт бар. Соның бәрінен артылып, алашқа қол сала қояды деу – не деген күйрек қауіп?! Біз – екі қылғытып, бір жұта салатын соншама сорлы, бүртіксіз бейшара ма едік?!

Жоқ, ағайын! Өмірдің өзі – сынақ. Соқпағы мен соқтықпалысы кезек жүретін сынақ. Қазір көп дүние өзімізге байланысты. Қазақ бірін-бірі қалқа тұтып, қайыспас қара нарша жолында жүк қалдырмай, тарих көшінде ырғала керуен тартуы үшін әр үрген итке қарайламай, көшбасшыға ерумен ғана жерұйығын таппақ. Интеграциясыз-ақ бүйрегі Ресейге бұрып, Мейрамбекке емес, Максимге елжіреп отырған елің барда, байбаламымыздың қисыны томпақтау. Ол мәселенің шешілу жолы басқа! Және өзіміз, тек қана өзіміз шешеміз.

Екіншіден, соңғы жолы бізден келіссөз жүргізуге барғандардың Минскіде қол жеткізген нәтижелері әжептәуір. 2013 жылдың шілдесі, сол жылы қазанда, 2014 жылдың қаңтарында, қыл аяғы сәуірдегі келіссөздердің даму барысынан есеміз кетіп, есебімізден жаңылардай ештеңе болмағанын өздеріңіз де байқаған боларсыздар.

Әуелі, ең бастысы – келісім-шартта одаққа кіру ғана емес, шығудың да мүмкіндіктері анық қамтылған (!). Рас, жыл жарым ескертпесімен. Енді қалай? Шын сасатын шарт алдыңғы нұсқаларында кіру-шығу пунктінің болмауы болатын. Алайда, мәселе біздің мүддеге орайласа шешілгенін көріп отырмыз. Құжаттың алғашқы жобасындағы біздің дербестігімізге нұқсан келтіретін Парламентаралық ассамблея құру, шекараны ортақ қорғау (әскер кіргізу) секілді саяси пунктердің алынып тасталғанын да білеміз.

Үшіншіден, барлық деңгейдегі шешім тек қана ортақ келісіммен (консенсус) – «бір ел, бір дауыс» қағидасымен қабылданды. Бұл да Ресей тарапынан үлкен шегініс дер едім.

Ал төртіншіден, экономикалық әртүрлі мәселелер мен кеден саясат бойынша, қарым-қатынас схемасы өзінше болмақ. Кедендік кодекс – ортақ, субсидия – келісім бойынша, валюталық саясат – екшеліп (скоординарованный) отырады, т.с.с. Осындай кеңінен қамтылған бірқатар маңызды келісімдер барын көрдік.

Әу бастан Еуразиялық экономикалық одақ келісімінде гуманитарлық аспектіге із салынбаған. Дегенмен де, қырағылықпен сақтанбау қатерлі екенін білуіміз шарт. «Еуразиялық бірегейлік», «ортақ тарих оқулығын жазу» т.б. тамырыңды басқан жымысқы ниетке келгенде жөн басқа! Бұл – шын мәнінде аса сақтанарлық дүние деп білеміз. Ондай ниеттің дер кезінде жолын қиып, қымтану – тағы да өзімізге түсетін салмақ. Бұл жерде қымтану ғана емес, ұлттық төл тарихыңды жазу, өзіңнің Қазақстандық бірегейлігіңді дамыту секілді мәселелерді белсенді түрде қолға алу қажеттілігі – бізге сын! Тап осы жерде экономикалық теңсіздік жайбасарлығымыз бен күйректігімізге сылтау емес. «Қазақ тарихында ұрпақ ұялатын дүние жоғы» рас. Тарихи санасы кемел ел ешкімге дес бермек емес.

Сөз соңында, ең бастысы. Егер Еуразиялық экономикалық одақта бізді күйретердей пәлендей қатердің жоғы анық деп есептесек, сабамызға түсіп, біраз жәйттерді бағамдайық.

Ресеймен 5866 шақырым, жер бетіндегі ең ұзын шекараны ескермей, саяси уәж айту орынсыз. Титулды ұлт 100 пайыз боп, бәрі мемлекеттік тілде түгел сөйлеп, латынша тегіс жазған күннің өзінде сыртқы саясатымыздағы ресейлік вектор маңызын жоя қояды деп ойлау – саяси әбестік.

Қытай… ия доспыз… жақсымыз… Бірақ тым алып, тым…

Батыс… Сөз жоқ тартымды. Бірақ өте прагматик. 2008 жылғы Грузия мен қазіргі Украинаны көріп отырып, бірдеңе деу көрегендікке жатпайды.

Яғни, есебіңнен жаңылмайтын, «амал достық» болса да, Ресеймен достық – алаш үшін қажеттілік. Маңызды. Мәжбүрлік те бар шығар. Әмбе, үйреніскен ел, ойнамаққа да жақсы. Одан бас тартсақ ше? Қытығына тиеміз. Сына түспек. Араздасу қаупі бар. Одақтан келер қатер – жүз шайысуға арзымайды. Ендеше, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, ұрпақтың қамы үшін интеграция жайындағы осы шешім – аса нәзік, өте терең зерделенген, ең оптималды шешім. Бұл – нақ сөзім, қандастарым!

Қазақстан үшін тыныштық өте, өте-мөте маңызды, бауырлар!

Адами фактор бар жерде мүлт кетпеу мүмкін емес. Олқылық жоқ деу – жәдігөйлік болар. Проблема бар. Болған. Болады. Бола бермек. Бұл – Өмір заңы. Бірақ біздің проблема – бейбіт күннің берекесін еселеуге бағыттаған проблема. Пікір алуандығы керек. Бірақ ол пікір – елдігіңе, тыныштығыңа кесірі тиердей болса, ішіңде өлсін. Бірде өрге, бірде ылдиға беттеген жол бірде кеңіп, бірде тарылуы да заңдылық. Кең жерде еркін көсіліп жүрерміз. Ал тар жерге келген, екі тізгін бір шылбырды қолға алған бастаушыға еру – мақсатқа жетудің бірден бір кепілі. Алмағайып кезде шешім талқылынбаған. Көзді жұмып, Жаратқанға тәуекел қылып, еріп беру – елдіктің бірден-бір жолы екенін тарихтан білеміз. «Етекте тұрған елді шыңдағы ер басқарған» дейтін қазақ бірдеңені біліп айтқан. Өйткені, биіктен қараған ерге көкжиек кеңінен көрінеді. Күмәнім бар. Бірақ үмітім басым. Ендеше – ердім.

Оцените статью
Добавить комментарий