Home » Тіл кеспек жоқ! » Ұят – жалаңаштанудан өледі

Ұят – жалаңаштанудан өледі

Соңғы кезде қыздарды жұрт алдында жалаңаштап «Ару» атандырудың аты өзгере бастапты. Бұрынғы «Арулар байқауы» туралы небір сын жазылып, ұятсыздықты тоқтату жайлы айтылмаған сөз қалмап еді. «Құрттың атын ол жақта малта қойыпты» дегендей, ендігі жерде «қыздарды жалаңаштап жарыстырудың» атауын басқашалап өткізу айласы ойлап табылыпты. Күні кеше Алматы облысының Есік қаласында сондай жарыс «Бәрінен де сен сұлу» деген атаумен ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше бұл өнер сайысы екен. Мақсаттары: «қазақ аруларының сұлулығы мен инабаттылығын паш етіп, ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, мәдени құндылықтарымызды арттыру» көрінеді.

Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» қой. Өнер сайысы атауымен сол бұрынғы жалаңаштану жарысы қайталанып жатыр. Қыздарды шешіндіріп қойып «сұлулық айқындау» мұнда да басты талап болған. Сонда жоғарыдағы мақсат қайда қалды? Сахнаға жартылай жалаңаш шыққан қазақ қыздары «инабаттылық» көрсетті ме? Дәл осындай «сайыс» ұлтымыздың салт-дәстүрін қалай жаңғыртады, мәдени құндылықтарымызды қалай арттырады? Қыздардың көйлектерін өз қолдарымен тігіп, Махамбет батырдың жырын жатқа айтқаны жақсы-ақ. Алайда, жұрттың алдында жалаңаш иық пен қара сандарын жарқылдатудан еш қымсынбаған қыздардың бойына ұятсыздықтың дәні өшпестей болып егіліп жатыр емес пе?

Осы тұста, ұятқа қатысты мамандар баяғыда дәлелдеп шықса да, жарияға көп ұсынылмайтын мына мәліметтерді тағы бір қайталауды жөн көрдік. Ақыл-есі бүтін туған әр сәбидің бойына Алла тағала ұятты қоса дарытады. Мамандар да дені сау адамның әу баста ұяты толық болатынын ғылыми-зерттеу нәтижесінде анықтап қойған. Оны адам миындағы саны 15 миллиардтан асатын «нейрон» клеткаларының ең нәзігі деп есептейді. Осы ең нәзік ұят клеткалары екі жағдайда бірінші болып түгі қалмай қырылып қалады екен. Бірі – алкоголды ішімдікті ішкен кезде, екіншісі – ұят саналатын істерді жұрт алдында ұялмай жасауға баланы қаршадайынан дағдыландырудан бастап жойылады екен.

Қазақ қыздарының жалаңаш сайысы өткен сайын біздердің үнсіз қала алмайтынымыз сол ғой. Жалаңаштанумен бірге Қазақ ұлтының ұяты қоса қырылып жатыр, дәтіміз қалай шыдайды…

Төлеген Жәкітайұлы,
Namys.kz

2 пікір

  1. Соны ұйымдастырушылардың өздерінде ұят-намыс қалмаған болса керек, немесе шайтандарға сатылып койған болар…

  2. Әбді Ғалым Оспан

    (Алла): «Әй Адам! Сен және жұбайың жаннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда залымдардан боласыңдар» (19)
    Сонда шайтан, ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі (жәннәтта) қалып қояды деп ғана тыйған» деді. (20)
    Және: «Шынында мен екеуіңді үгіттеушілерденмін» деп ант ішті. (21)
    Сөйтіп екеуін алдап түсірді. Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте, ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуі жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?»,- деп дабыстады. (22)
    (Адам ата мен Хауа ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мәрхамет етпесең әлбетте зиян етушілерден боламыз» деді. (23)
    (Алла): «(Жаннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар» деді. (24)
    «Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер. Және ол жерден қайта шығарыласыңдар» деді. (25)
    Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер. (26)
    Әй адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жаннаттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық. (Ағраф сүресі 19-27 аяттар)
    Аятта көріп отырғанымыздай Ібіліс Адам мен Хауа анамызды қасам ішіп алдады яғни уа Аллаһи деп ант ішіп мен жай ғана насихаттаушымын деді. Ол күнге дейін жәннәтта еш өтірік айтылмаған еді. Раббысының аты аталған себепті Адам алейхи салям Ібіліске сеніп алданғанын білмеді. Сол күннен бастап Ібіліс осы айласынан еш тынбай жасап келе жатыр егер ол айла қайта қайталанбайтын болса Раббымыз: “Әй адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жаннаттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді”.
    Әбу һұрайрадан (р.а.) жеткен мына бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тозақтық екi топ кiсi бар, бiрақ мен оларды көрмедiм. Бiрiншiсi қолдарында сиырдың құйрығындай қамшы бар, онымен адамдарды сабалап ұрып жүрген қауым. Екiншiсi киiмi бар, бiрақ жалаңаш, бүгiлген әрi бүгiтiлген бiр топ әйелдер! Бастары түйенiң өркешiндей ирелеңдеген. Олар жұмаққа кiре алмайды, оның иісiн де иiскей алмайды. Жұмақтың иісi мынадай қашықтықта сезілсе де», – дейді. (Мүслім. Либас 125:Жәннат 52: Муатты Либас 7).

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.